Орман-тоғайды өрттен қорғайық

 
Өрт - тілсіз жау. Бұған дейін де талай орманды алқаптарды жалмаған өртті болдырмау қоршаған ортаны қорғаушылардың қолында. Сондай жауапкершілік бүгінде «Авиациямен орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету» қазақ базасына да артылып отыр. Ол жөнінде «Авиациямен орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету» РМҚМ қазақ базасының инженер инспекторы Рахым Исаев баяндады.
- Әсіресе, жаз айларында орман-тоғайда, кең өлкеміздің табиғатында өрттің шығуы жиі кездеседі. Қауіпті өрттің туындау себебі неде? 
- Орман-тоғайларда былтырғы шөптер қурап, ауа райы ысып, өрт қауіптілігі ықтимал мерзім келді. Жаз шығып, күн ыси бастағанда, қыстай қар астында жатқан қураған шөптер орман-тоғайға өрт қауіптілігін туғызады. Басты себептері: жеке шаруа қожалықтары көктемгі егіндіктің орнын дай­ындап, мал жайылымын тазартамыз деп, былтырдан қалған шөптерді өртейді. Ал өрт жүздеген, мыңдаған гектарға жетіп, орман-тоғайға өтеді.
Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі әрбір облыс әкімдеріне жіберген: «Өткен жылдан қалған шөпті өртемеу» деген тапсырмасын іске асыруымыз керек. Сондықтан шаруа қожалықтары ауылдық округтік әкімдіктер, орман шаруашылығы қызметкерлері дала өртіне жол бермей, өрт қауіптілігі ережелерін сақтап, газет, теледидар, радио арқылы халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, табиғат байлықтарын сақтап, қорғау жолында күресу керек.
- «Өрт қауіптілігін бақылау» маусымы аясында қандай міндеттер жүктеліп отыр?
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық комитеті 2012 жылы орманда өрт қаупі маусымына қарсы дайындық жасау үшін Орман кодексінің 4-бабының 55-тармағына сәйкес, климаттық факторларды және ауа райы жағдайларының болжамын ескере отырып, 2012 жылы орман өрті қаупі бар маусымының басталу және аяқталу күнін белгілеп, 30.03.2012 ж. №88 бұйрығын шығарып, еліміздегі орманшыларға, «Авиациямен орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету» қазақ базасына, облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекцияларға, мемлекеттік табиғи қорықтарға, мемлекеттік ұлттық парктерге, мемлекеттік табиғи резерваттар және орман шаруашылығы комитетіне ведомстволық бағынысты ұйымдарының бірінші басшыларының дербес жауапкершілігі белгіленіп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, шаруа қожалықтарының және өзге ауыл шаруашылығы танаптарында аңыздықты, егістік және басқа да өсімдік қалдықтарын өртеуіне бақылау жасалуын қамтамасыз етіп, орман өрттерінің шығу фактілері бойынша істің дер кезінде рәсімделуін және ма­териалдардың құқық қорғау органдарына дер кезінде берілуін қамтамасыз етуді міндеттеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті мен Төтенше жағдайлар министрлігі, Өртке қарсы қызмет көрсету комитетінің «Орман өрттері шыққан жағдайларда өзара хабардар ету туралы» 2009 жылы 29 мамырдағы №12 және 2009 жылғы 5 маусымдағы №163 бұйрықтары, сондай-ақ «ҚР-дың орман қоры аумағындағы ірі орман өрттері туралы жедел хабарландыру схемасын бекіту туралы» комитеттің аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдары «Ормандарды авиациямен қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету» қазақ базасы бірінші басшыларының дербес жауапкершілігі белгіленді.
Жыл сайын әр облыстың аудандық, ауылдық әкімшіліктерде, осы әкімшіліктердің әкімдері, жер­гілікті орман шаруашылығының басшылары, «Авиациямен орман қорғау және орман шаруа­шылығына қызмет көрсету» қазақ базасынан, төтенше жағдайлар бөлімінен аудандық өрт сөндіру бөлімінен, аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік нұсқаушылары, шаруа қожалықтарының бас­­шылары қатыстырылып, орман-тоғайды өрттен сақтап қалу үшін өртке қауіпті маусымға өртті болдырмаудың шараларын қарап, үлкен жиналыс ашып, шешім қабылданады. «Қазавиаорманқор­ғау» базасында биылғы жылдың қауіптілігі бар маусымына дайындық ретінде республика бойынша әрбір авиабөлімшелерде өрт сөндіруші десантшылармен, ұшқыш бақылаушылармен оқулар, дайындықтар өткізіліп, жаңа маусымға сақадай-сай болып дайындалды.
- Ал осыған дейін орын алған өрттің шығуына қарапайым жандардың кесірі тиіп жүрген жоқ па?
- Орман өртінің пайда болуына 90 пайыз адамдар кінәлі: орман-тоғайда өртке қарсы ережелерді білмеуінен немесе білсе де өртке қарсы ережелерді сақтамауынан, орман-тоғайда жұмыс істеп жүрген демалушылардан кейін өшірілмей қалған от алаулары, автокөлік пен тракторлардан шыққан ұшқын, сөндірілмеген темекі қалдығы, т.б. Осының салдарынан қурап тұрған шөп тұтанып, үлкен өртке айналады. Өрт шыққан сәтте жел соғып, дауыл тұрып, қас-қағым сәтте үлкен алқап жанып кетеді. Егер орманшылар мен әуеден қорғайтын өрт сөндіруші десантшылар тез шара қолданып өшірмесе, халық шаруашылығы миллиондаған теңге шығынға ұшырайды.
Өртенген ағаштар қайта қалпына келу үшін ондаған жылдар керек. Өрт жүріп өткен жерде қаншама жабайы аңдар, құстар, олардың ұялары отқа жанып кетеді. «Семей орманы» резерва­тында, Беген ауылында адамдар шығын болып, бүкіл бір ауыл жанып кеткен жағдай болған. Ал орман өрттерін өшіруге мыңдаған адам, жүздеген техника, тікұшақтар қатыстырылады. Осының бәрі орман шаруашылығына, халық үшін өте көп шығын.
Ал орман-тоғайдың адам өміріне берер пайдасы өте көп: оттегі, денсаулық, ауа райын жұмсартады, халықтың демалатын орны, таудағы, орман-тоғайдағы қыста жауған қар мен мәңгілік мұздардың тез еріп кетуіне кедергі жасап, көктемнен күзге дейін таудың басындағы бұлақ көздерін сумен толтырып, олар өзен арналарына құйылып, ауыл шаруашылығын, егін суаратын сумен қамтамасыз етеді. Орман-тоғайлардың көп өртенуінің салдарынан өзендердің сулары азайып, көлдердің деңгейі төмендеп, тартылып жатыр. Мұндай жағдайлар бүкіл жер жүзінде болып жатқан құбылыстар.
- Өрттің құрбаны болмас үшін қандай алдын алу шараларын жүргізу керек?
- Мысалы, Парижде Сена өзенінің жағасында үлкен қалалық жағажай бар. Сол жерге миллиондаған қала халқы жиналып, Бастилияны алған күнді атап өтеді. Сол мейрам өткен үлкен аумақта демалушылардан кейін ешқандай тойдың ізін қалдырмай барлық қоқысты жұрт өзімен жинап алып кетеді. Мұны халық өздерінің парызы ретінде санайды.
Неге бізге де орман-тоғайға, тауларға демалуға барған халыққа солай жасап, тәртіп орнатпасқа? Орман өрттерін өшіруден сақтандыру жеңіл.
Көбіне саяхатшыларымыз жақсы, табиғаты сұлу жерлерге барып демалады. Сондықтан әрқайсысы өрт қауіпсіздігін сақтап, сөндірілмеген темекі қалдығын, жағылған сіріңкені тастамай, от алауын өшіріп, отырған орындарын тазалап кетулері керек.

Популярные новости


Алматы қ., Керей-Жәнібек хандар к-сі, 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45
Е-mail: info@aviales.kz
Жоғарыға